Beket ata

Beket ata
Aisaghali

среда, 31 октября 2007 г.

Оразмағамбет ахунның 125 жылдығы



Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы – Маңғыстаудан шыққан тұңғыш геолог, ғалым. Оразмағанбет Тұрмағамбетұлы 1882 жылы Қызылсу жерінде дүниеге келген. Әкесі Тұрмағамбет хазірет өз заманында тек елімізге ғана емес, Орта Азияға белгілі діни қайраткер болған. Бомбей университетінде инженер-геолог мамандығы бойынша оқыған ол 1903 жылға дейін білім қуып, сосын елге оралған. 1930 жылға дейін ағартушы-ахундық, геолог-ғалымдық, шипагерлік, халық дәрігерлігі, тағы басқа да саладағы қызметтері Маңғыстау өңірінде өтеді. Осы жылдары ол халыққа ірі діни қайраткер, ғалым-геолог ретінде танылады. Тарихи деректерге сүйенсек, 1897 жылы орыс ғалымы Николай Андросовтың өлкеміздің тың қазба байлықтарын зерттеуге келген сапары кезінде, Оразмағанбетпен достық қарым-қатынаста болуы, оның осында оқуына себепкер болған. Оразмағанбет Тұрмағамбетұлы Хиуа, Бұхара қалаларында діни оқуларын тәмамдайды. Содан соң туған еліне оралған ол ағартушылықпен айналысып, мешіт салдырады. Орыс, түрік, ағылшын, парсы, араб, үнді тілдерін жетік меңгерген Оразмағамбет ғылымның әр саласынан жан-жақты хабардар, дарынды адам болған.
Кеңес өкіметі орнаған жылдары отбасын Маңғыстауда қалдырып, түрікмен еліне қудаланады. Сол жерден Иранға жер аударылса да, бәрібір Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Оразмағанбетті ол жерде де тыныш жүргізбей, артынан адам салады. Ираннан алдырып, 1937 жылы 1 қырқүйекте Ашхабад түрмесіне қамайды. Тергеу бір жылдан астам уақыт бойы жүреді. 1939 жылы оны ату жазасына бұйырған.
Геолог, ағартушы Оразмағанбет Тұрмағамбетұлының өмірбаянын зерттеу мақсатында ұйымдастырылған тарихшылардың Иран еліне сапары кезінде, ғалымның қолжазбалары табылған. Артында 50 шақты еңбек жазып қалдырғаны анықталады. Ұрпақтары оның қамауда болған Ашхабад абақтысының орнына барып, ата аруағына құран бағыштап, топырағын туған жеріне беріп жібереді.
Ғалымның 125 жылдығына арналған мерейтойға Оразмағанбеттің Ираннан балалары мен туған-туысқандары, оның мұраларын зерттеген ғалым-тарихшылар қатысты. Өлкетанушы Отыншы Көшбаев құрастырған «Дала данасы» кітабының тұсаукесері өтті. Еңбекте қазақ халқынан шыққан тұңғыш геолог, Бұқара, Хиуа, Стамбул, Үргеніш діни оқу орындарында білім алған дінтанушы, Алашорда партиясының белсенді мүшесі, саясаткер Оразмағанбет Тұрмағамбетұлының өмірі мен шығармашылық жолы қамтылған. Сондай-ақ Түрікмен елінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде сақталған тергеу ісі туралы да жазылған.
Конференция барысында қатысушылар тарапынан қоғам қайраткері Оразмағанбет Тұрмағамбетұлы жайында оқу ордаларының студенттеріне ғылыми тақырыпқа диссертация жазу ісі ұсынылды. Сондай-ақ орта білім ошақтарында жергілікті ұлы тұлғалар жөнінде арнайы пән енгізу қолға алынса екен деген ұсыныс айтылды.
Мерейтойдың соңында облыстық мұражай экспонаттарының көрмесі ашылды.

Авторы-Тельман Бейсенов


Читать далее

Қосай ата-500 жыл

Маңғыстауда қыркүйек-қазан айларында қатарынан үш үлкен той дүркіреп өтті. Оның біріншісі – Қосай атаның 500 жылдығы.

Адайдан тараған екі бала – Құдайке мен Келімберді. Қосай – Құдайкенің баласы екен. Заманында адайлар Алатау төңірегін мекен еткен. Қосай – адайлардың бас батыры болыпты. Мал-жанға Жетісу тарлық ететін болғасын Қосай батыр өз ауылымен жер іздеп Маңғыстауды бетке алып, үлкен көш болып шығады. Қыс кезі болса керек, Сырдариядан мұз үстімен өтіп бара жатқанда, мұз ойылып кетіп, көш суға кетеді. Азғантай адаммен Қосай ғана тірі қалады. Сол кезде Қосай ата жасы жетпіске тақаған кісі болыпты. Сонда да кезінде атақты батыр болған қайратты кісінің қуаты қайтпағанын байқаған туыстары оған түрікменнің Оғылмеңлі деген қызын алып береді. Міне, сол Қосай-Оғылмеңліден тараған ұрпақ бүгінде Қосай-Түрікпенадай атанған үлкен ру.

Адайларда «Жолға шықсаң жолдасың Қосай болсын» деген сөз бар. Бекет атадан бұрын адайдың ұраны «Қосай» болған деген де сөз бар. Адайларда қашаннан қалыптасқан дәстүр бойынша үлкен ас-тойларда алдымен астан Қосай ұрпағы ауыз тиеді, жасы басқа ру ақсақалынан кіші болса да Қосай ұрпағы бас ұстайды. Бұл дәстүр күні бүгінге дейін сақталған.

Қосай ата Қарақалпақстанның Бестөбе деген жерінде мәңгілік тыныш тапқан. Ата тойы қарсаңында маңғыстаулықтар өкілдері атаның басына зиярат ете барып, кесенесін қалыпқа келтірді. «Қосай ата» деген ғылыми конференция ұйымдастырылып, аламан бәйге, құнан жарыс, жорға жарыс, спорттық сайыстар, ақындар мүшәйрасы өтті. Үш күн бойына тойланған Қосай ата тойы ел есінде қалар үлкен мереке болды.


Читать далее

Адай ата -Отпан тау






Маңғыстаудың ең биік шоқысы Отпан тау болып есептеледі. Жаугершілік заманда ел іргесіне жау тигенде адайлар Отпан тау басына от жағып белгі берген. Оны көрген батырлар келісімді жерге жиылып, бас біріктіріп, жауға соққы берген. Сондықтан Отпан тау ел бірлігінің символы болып келді. Маңғыстаудың, исі қазақтың танымал ақындары Сабыр Адай мен Светқали Нұржан бас болып, 2003-жылы осы Отпан тау басына Адай ата кесенесін салу жөнінде іс басталған болатын. Қазан айының 25-жұлдызында сол жұмыс оңына асып, кесене ашылды.

Адай ата кесенесі Отпан таудың ұшар басына орналасты. Оның жанында Ұран от жағылды. Сәл төменірек «Түгел түркі түбі бір, түп атасы – Көкбөрі» деген ұғымға сай Көкбөрінің алып бейнесі орнатылды. Одан да төмен Ақсарай салынды, ол ел ақсақалдарының бас қосып, ақылдасар, пәтуаласар орны әрі мұражай болмақ. Тікұшақ қонатын алаң, жолдар салынып, бұл жер үлкен тарихи-мәдени кешенге айналды.

Кешеннің ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау жолдады. Бұл той да үш күн тойланып, 500 үй тігілді. Түрлі ұлттық спорт жарыстары, мүшәйра, республикалық ақындар айтысы, ғылыми конференция ұйымдастырылды. Аламан бәйге мен ақындар айтысының Бас жүлдесіне шетелдік джип автомобильдері тігіліп, мүшәйра жеңімпаздары 500 мың мен 50 мың теңге арасында сыйлықтар алды. Бұл той – Адай рухын асқақтатқан, ел бірлігін ту қылып көтерген, Маңғыстау тарихындағы ұлы оқиғалардың бірі болды.


Читать далее

четверг, 11 октября 2007 г.

Сөз басы

Биссмилла!
Бұл блог - менің екінші блогым. Бірақ, бара-бара тек осы блогты ұстап қалатын болармын. Бірден жиі-жиі жаңартып, көзге түсуді мақсат етпедім. Басты мақсатым - Маңғыстау туралы жан-жақты материалдар беріліп тұратын мазмұнды блог жасау. Бірінші блогымда кеткен қателіктерді қайталамай, қызықты да көркем ету.
Читать далее