Маңғыстаудың ең биік шоқысы Отпан тау болып есептеледі. Жаугершілік заманда ел іргесіне жау тигенде адайлар Отпан тау басына от жағып белгі берген. Оны көрген батырлар келісімді жерге жиылып, бас біріктіріп, жауға соққы берген. Сондықтан Отпан тау ел бірлігінің символы болып келді. Маңғыстаудың, исі қазақтың танымал ақындары Сабыр Адай мен Светқали Нұржан бас болып, 2003-жылы осы Отпан тау басына Адай ата кесенесін салу жөнінде іс басталған болатын. Қазан айының 25-жұлдызында сол жұмыс оңына асып, кесене ашылды.
Адай ата кесенесі Отпан таудың ұшар басына орналасты. Оның жанында Ұран от жағылды. Сәл төменірек «Түгел түркі түбі бір, түп атасы – Көкбөрі» деген ұғымға сай Көкбөрінің алып бейнесі орнатылды. Одан да төмен Ақсарай салынды, ол ел ақсақалдарының бас қосып, ақылдасар, пәтуаласар орны әрі мұражай болмақ. Тікұшақ қонатын алаң, жолдар салынып, бұл жер үлкен тарихи-мәдени кешенге айналды.
Кешеннің ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау жолдады. Бұл той да үш күн тойланып, 500 үй тігілді. Түрлі ұлттық спорт жарыстары, мүшәйра, республикалық ақындар айтысы, ғылыми конференция ұйымдастырылды. Аламан бәйге мен ақындар айтысының Бас жүлдесіне шетелдік джип автомобильдері тігіліп, мүшәйра жеңімпаздары 500 мың мен 50 мың теңге арасында сыйлықтар алды. Бұл той – Адай рухын асқақтатқан, ел бірлігін ту қылып көтерген, Маңғыстау тарихындағы ұлы оқиғалардың бірі болды.





0 коммент.:
Отправить комментарий