Beket ata

Beket ata
Aisaghali

среда, 31 октября 2007 г.

Оразмағамбет ахунның 125 жылдығы



Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы – Маңғыстаудан шыққан тұңғыш геолог, ғалым. Оразмағанбет Тұрмағамбетұлы 1882 жылы Қызылсу жерінде дүниеге келген. Әкесі Тұрмағамбет хазірет өз заманында тек елімізге ғана емес, Орта Азияға белгілі діни қайраткер болған. Бомбей университетінде инженер-геолог мамандығы бойынша оқыған ол 1903 жылға дейін білім қуып, сосын елге оралған. 1930 жылға дейін ағартушы-ахундық, геолог-ғалымдық, шипагерлік, халық дәрігерлігі, тағы басқа да саладағы қызметтері Маңғыстау өңірінде өтеді. Осы жылдары ол халыққа ірі діни қайраткер, ғалым-геолог ретінде танылады. Тарихи деректерге сүйенсек, 1897 жылы орыс ғалымы Николай Андросовтың өлкеміздің тың қазба байлықтарын зерттеуге келген сапары кезінде, Оразмағанбетпен достық қарым-қатынаста болуы, оның осында оқуына себепкер болған. Оразмағанбет Тұрмағамбетұлы Хиуа, Бұхара қалаларында діни оқуларын тәмамдайды. Содан соң туған еліне оралған ол ағартушылықпен айналысып, мешіт салдырады. Орыс, түрік, ағылшын, парсы, араб, үнді тілдерін жетік меңгерген Оразмағамбет ғылымның әр саласынан жан-жақты хабардар, дарынды адам болған.
Кеңес өкіметі орнаған жылдары отбасын Маңғыстауда қалдырып, түрікмен еліне қудаланады. Сол жерден Иранға жер аударылса да, бәрібір Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Оразмағанбетті ол жерде де тыныш жүргізбей, артынан адам салады. Ираннан алдырып, 1937 жылы 1 қырқүйекте Ашхабад түрмесіне қамайды. Тергеу бір жылдан астам уақыт бойы жүреді. 1939 жылы оны ату жазасына бұйырған.
Геолог, ағартушы Оразмағанбет Тұрмағамбетұлының өмірбаянын зерттеу мақсатында ұйымдастырылған тарихшылардың Иран еліне сапары кезінде, ғалымның қолжазбалары табылған. Артында 50 шақты еңбек жазып қалдырғаны анықталады. Ұрпақтары оның қамауда болған Ашхабад абақтысының орнына барып, ата аруағына құран бағыштап, топырағын туған жеріне беріп жібереді.
Ғалымның 125 жылдығына арналған мерейтойға Оразмағанбеттің Ираннан балалары мен туған-туысқандары, оның мұраларын зерттеген ғалым-тарихшылар қатысты. Өлкетанушы Отыншы Көшбаев құрастырған «Дала данасы» кітабының тұсаукесері өтті. Еңбекте қазақ халқынан шыққан тұңғыш геолог, Бұқара, Хиуа, Стамбул, Үргеніш діни оқу орындарында білім алған дінтанушы, Алашорда партиясының белсенді мүшесі, саясаткер Оразмағанбет Тұрмағамбетұлының өмірі мен шығармашылық жолы қамтылған. Сондай-ақ Түрікмен елінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде сақталған тергеу ісі туралы да жазылған.
Конференция барысында қатысушылар тарапынан қоғам қайраткері Оразмағанбет Тұрмағамбетұлы жайында оқу ордаларының студенттеріне ғылыми тақырыпқа диссертация жазу ісі ұсынылды. Сондай-ақ орта білім ошақтарында жергілікті ұлы тұлғалар жөнінде арнайы пән енгізу қолға алынса екен деген ұсыныс айтылды.
Мерейтойдың соңында облыстық мұражай экспонаттарының көрмесі ашылды.

Авторы-Тельман Бейсенов

Комментариев нет: