Beket ata

Beket ata
Aisaghali

четверг, 8 ноября 2007 г.

ҮСТІРТ БАЛЛАДАЛАРЫ

Шығыстан атқан Таң сәби төңірекке таңдана қарай қалған. Бейкүнә да тап- таза қалпы. Саф –самала демі сезіледі. Періштедей пәк пейілімен кең дүниеге талпынып, көкжиекке өрмелей келе жер үстінің әбігер-әурелі тіршілігіне таңдана бастаған. Көз алдында болып жатқан қым-қуыт сергелдең-сенделістен сәби жаны сескене секемдене, шырқау көкке шегініп барады...

Бұл өңірде Шығыс Ана дүниеге әкелген әр күндік Таң сәбидің кіндігін кесіп, Күн деп көркемдеп ат қойып, алтындап айдар тағып, заңғар көкке сапарға шығарып сап, оның сәрілік, түстік, кештік деп аталар ғұмыр кешуінің куәгері болып, ақыр аяғы оны байбайлап Батыс Бабаның құшағына тапсырар кәрі Кейуана Күйкен. Белінің бүкірлігі Әже Шың қисапсыз қилы-қилы сыр мен шерді көкірегіне жинай берулі. Қыруар хикметті қыңқ етпей көтере берулі. Тағы бір дүрлігістің боларын білсе де, басын көтерместен сабырлы қалпын сақтап, мізбақпастан жата берулі. Көрмей жүрген құқайы дейсің бе?.. Бұл шошынып, сабырсыздық танытса өзгелерден не жорық?

Реушен, Құла ат Һәм қырық жігіттің ерлігі

Күйкен Кейуананың кәрі көкірегінің тартылмастай тамырынан таралған бір тін іспетті терең шыңырау «Бәйкүшіктен» суарылған қалың жылқы, байырқап жусай қалды. Тек аламан үйірді алдына салып айдайтын Жүйрік құла бір тықырдың таянғанын сезгендей қамыс құлағын қайшылай тіктеп, оқтын-оқтын құбылаға көз тіге, бас шұлғи оқырана түсіп, шашалы тұяғымен жер қарпый берген. Алалы жылқы, аршынды шыңыраудың иесі Тастемір Реушен бай- уәлі, жылқының тілін білетін атсейіс болса, Жүйрік Құланың бұл қылығын қапы жіберсін бе?

-Сені жауға бергенше, өзім жау боп тиейін, «Қосағал төрткүл» асырып, ат басын сонда тірейін...

Жылқымен тілдесіп, күбірлеген байдың бұл сөзін қасында тұрған бас жылқышысы Үлкенбай анық естіді, бірақ әліптің артын бағып, тісжармастан өзіне берілер әлдебір тапсырманың барын біліп, оны тыңдауға дайын кейіп танытты.

-Жылқыны бүгіннен қалдырмай «Қосағал төрткүл» айда. Құланы ерттеп мін, түнде арқандап қоярсың. Адайдың жылқысын шабуға қалың қол келеді. Оны мына құла ат сездіріп тұр.

Байдан келген пәрмен осы болды. Сырты түкті жануардың әрекетіне сонша елітіп, сонша сенген мырзасының мына қылығына қайран қалып, шүбәлі болса да, жылқышы атқа қонды. Жусап жайбарақат тұрған жылқы жаусыз-жәлем жөңкіле жөнеп берді. Үстірт үстінде байырқай жайылып жүрген киіктің үйірі үркіп, бытырай қашты. Боз жусанның түбіне жайлана жайғасқан бұлдырық аяқ астынан бықпырт тигендей бебеулей ұшты.

Ымырт үйіріле «Қосағал төрткүл» бауырайына жеткен көп жылқы тебісе ентігулі екпінін басып, біраздан соң тебіндей жайылысқа көшті. Атсоқты болған Үлкенбай құла атты арқандап тастап, көзшырымын алмақшы еді. Жүйрік Құла айбатты арынын үдете түсті. Айналсоқты қылшылбырын үзердей жұлқып, қазықты үдере айналып таң атқанша тыншу таппады.

Жылқының соңынан Реушен бай да жеткен екен. Үлкенбай Құла аттың түнімен ұйқы бермегенін айтты.

-Ендеше жарық түсе хабаршы да келер. Қасиетті жануардың неге байыз таппай арқандаулы айналасын қазып тастағанын сонда білерсің- деді Реушен.

Айтса айтқандай сәске болмай-ақ астына мінген көбең аттың омырауы ақ көбік болып шабарман бала келді.

Адайдың Бәйімбеті болып кеткен Сүгірәлінің тоғыз ауылын түркпеннің жасанып келген қалың қолы шауып кетіпті. Жауды бұл ауылдарға бастап келген Алдамжар деген біреу екен. Түркпендер берген алтын-күміс теңгеге сатылып, «шабылса жағалбайлы шабылсын» деп таңғы тәтті ұйқының құшағында жатқан бейғам ауылға жаудың жасағын жауып жіберген дейді. Басқа батырларға хабар жіберетін ошаң етер ешкім жоқ. Мал-жанды айырып қалу үшін Бәйімбеттің қырық жігіті атқа қоныпты. Олар жау жасағы келетін күні бағып жүрген жылқыларын айдап тастап, құрықшылық ептіліктерін сынамақшы болып, сайыс өткізбекке аладөңге үй тігіп еру жатқан екен. Түрікпендер жылқышылардың қаннен-қаперсіз жатқан жағдайын алдын-ала Алдамжар сатқын арқылы біліп отырған дейді.

Заржақ жүгірмектің айтқан хабарын тіксіне тыңдаған Реушен бай «Бәйімбеттің қырық жігіті атқа қонды» дегенде көңілін демдегендей болды.

-Жігіттер, олай болса қам жемеңдер. Мұңалдың бұл жігіттері жау қанша болса да намысты қолдан бере қоймас, иншалла кеткен кек қайтар. Үлкенбай, сен де қопаңдамай жылқыға ие бол.

Осыны айтып жарамды жорғасын тебіне түсіп, аяңдатып жайбарақат кетіп бара жатқан байдың бейқамдығына Үлкенбай іштей күйіп-пісті.

« Ойпырым-ай, қолдарында құрықтан басқа қаруы жоқ қырық жігіт қанша қасқыр болса да бес қаруын сайлап келген екі жүз түркпенге қандай қауқар жасар? Уәлі, көріпкел дегенге жәкем де айта береді-ау... Өз жылқысы аман болғасын абыржып қайтсін. »

Құданың құдіреті, сол күні бесін ауа күн райы күрт суытып, шайдай ашық аспанды бұлт торлап алды. Кәрі Күйкен тағы бір күнді буырқанып бұлты тұтасқан Баба Батыстың құшағына тапсырып, келер таңды күткен.

Ертесіне бозқырауланып үзгірік ескен шыңның үстінен қолға түскен олжаларын шашу шығармастан тас түйін болып түркпеннің қалың қолы өте берді. Елдеріне қайтқан беті. Сол сәтте құрықтан басқа қаруы жоқ қырық жігіт жасанған жауға тұтқиылдан лап қойды. Жігіттер жай отындай зымырап, жау жасағының арасына сіңіп кеткен. Басталып кеткен аласапыранда түркпендер мылтықтарын кімге қалай атарын білмей дал . Жеңіл киім, шолақ жең шапан киген жау аяқасты қақап кеткен суықтан қолдары жуыспай, өзге қаруларын да оңтайлы жұмсай алмай қапелімде жандәрменде күй кешті. Шөгерме кигендердің мойнына көз ілеспес шапшаңдықпен құрық салған жігіттер, жауларын баудай түсіріп жатты...

Реушен уәлі қателеспепті. Бәйімбет сарқасқа, Еснияз батыр бастаған қырық жігіт өздерінен бес есе көп түркпенді құрықпен малша тізгіндеп, тұтқынға түсіріп олжаланып бара жатқан мал-жанды құтқарып қалды. Құрық сатқын Алдамжардың мойнына түспей,басындағы шөгермеге түсіп алтын теңгелер жерге шашылған. Бұл көрініске алаң болған құрықшы жігіттен амалын тауып сытылған сатқын қу жанын сауғалап құла түзге безіп барады...

Сол жолы шабандоздардың өзара өткізбек болған сайысы шын жауымен айқаста өткен. Сөйтіп, бұл өлкенің сайыпқыран салқамдары қару –жарақсыз құрықпен-ақ жауды қайтара алған кезі болыпты

Бүгінде ешкім біле білмейтін, қалам ұстап жүргендердің ешбірі жазбай жүрген адай жігіттерінің құрықшылық өнерін тек Кейуана шың Күйкен біледі. Бұл да бір хас өнердің бір түрі еді-ау. Бұл Үстірттің үстінде талай-талай шу асауды, арыстанша арқыраған адуын, мінілмеген бесті айғырларды жалғыз-ақ жігіт қыл сағақтан құрық салып тұралата қояр еді. Жылқыны жабыла қуып бұғалық тастап ұстауды Үстірттің үлкен-кішісі әлсіздің қарекеті санайтын.

«Құрықшыға шалт қимылдап, шапшаң жүзеге асырар әдіс керек, құрықты құр аттың қыл сағағына түсіре алмасаң «шаруаңның біткені» дей бер. Сәл мүлт кетіп құрық аттың алқымы емес, мойнына түссе омыраулап кеткен ат адамға күш бере ме, сүйреп кетеді. Сүйрелгің келмей жібере салсаң, белең алған бесті асау енді қайтып маңы түгіл шаңына жуытпас. Тек білек күшің емес, мүлт жібермес мерген әдіске сүйен. Жылқы бақтың екен құрықшылық өнерді білмей болмайды». Жылқы бағуға шыққан бозбала Үлкенбайға кезінде Реушен бай осылай деген еді.

Ел шетіне келген жауды адамнан бұрын сезіп, иесіне білдірген Жүйрік Құла шынымен қасиетті пырақ екен. Атының тілін түсініп, қалың жылқысын жау көзінен тасаға айдаттырып тастап, дүрбелеңнен аман қалған, қырық жігіттің жауды қайтаратынын білген Реушен бай шынымен уәлі екен. Бұған Үлкенбай сол жолы қапысыз көз жеткізген-ді.

Шіркін, Жүйрік Құладай бір аты болған жігіттің арманы бар ма? Обалы не, қалың жылқының ішінен қай жылқыны ұстап, бас білдіртіп мінем десе де, Реушен бай мұның қолын қаққан емес. Бірақ Құлаға жетер қылқұйрық қайда? Есіл-дерті қайтсе де бір ерен жүйрік болар құлынды қолға түсіру. Мұндай құлын туар биенің келісі мен тұрқы жайлы бұл Реушеннен де, басқа атсейістерден де сөз реті келгенде суыртпақтап сұрай-сұрай жүріп, ондай биенің жылқы ішінде барына күмәні қалмады. Торы бие құлындап, жас құлын құлдырап жылқыға ерген екі-үш айдың жүзінде Реушен Маңғыстаудың ойы мен Текенің арасын қоныс еткен Алшынның асы мен тойы деп ауыл көрмеді. Бар ықыласы көкше құлынға ауған Үлкенбай мырзасының оралуын тағатсыздана күтті. Қайтсе де осы құлынды қалап алмақ.

-Шабан биеден туған бір жуас құлын бар, соны маған бер- деп Үлкенбай ақыры бұйымын айтты. Бас жылқышысынан ештеңені аянып қалмайтын бай, бұл құлынның тегін еместігін біліп, бірден кесіп ештеңе демеген. Түс ауа жылқы ішінде жүрген көп құлынның ішінен Үлкенбай қалаған көкше құлынды жазбай таныды.

- Жылқышым, мені алдапсың, бұл жуас құлын емес, көкайғырдың тұқымы екен, бере алмаймын. Мұның аты енді Алжетті болады. Бұдан басқа тағы бір бие жүйрік құлын туыпты. Оны аңғара алмай қалыпсың,ол анау боз биенің құлыны, омырау бітімі кең, аяқ алысы алшақ екен, сол себепті оның атын Шаттауық деп атадым. Құла ат, Алжетті, Шаттауық үшеуі менікі, ал мына бағып жүрген қалың жылқы сенікі, сосын тума –туыстікі. Керегіңе қалағаныңша жарата бер. Бұрыннан да қолыңнан қақпағанмын, енді де еркіңе бердім. Биыл мырза құдай берудей –ақ берген екен. Бұл үш жүйріктің үшеуі де көк айғырдың тұқымы. Иншалла, бұл үш пырақ менің атымды шаршыға жаятын болды.

Көк құлынға қолы жетпей іші әлем-жәлем болса да, Үлкенбай өз қателігін түсініп, ыңғайсызданып қалды. Уай, әттеген-ай, «шабан бие, жуас құлын» деп алдап сұрап нем бар еді. Бұл ауылдың шиеттей бала-шағасының ауызы аққа жарып, қазаны майланып отырғаны мырзаның арқасы емес пе? Қалыңын беріп, қалаған жерден қыз айттырып жар сүйсе, қалауын жасаған мырзасы емес пе, дөдегелі ақ үзік жауып алты қанат ақбоз үй көтерсе онда да қамдап, қамқорлаған мырзасы емес пе! Енді бар дегені болып, қымыз бен етке тойынып алып, жылқы ішінде пәлен жылда бір туар құлынға көңілім кетіпті-ау. «Аяз әліңді, құмырсқа жолыңды біл» деген. Көкайғырдың тұқымы болып туған қылқұйрықты міну не теңім?..

Көкайғырдың тұқымы жайлы Үлкенбай талай естіген. Реушеннің айтуынша әлімнің Әжібай, Аралбай деген деген байлары жылқыдан бір өңкей байтал қысырақты бөліп алып, үйірге жас айғыр салып теңіздің жағасына айдап тастайды. Жылқышы үйірге салған айғырдың өліп қалғанын хабарлайды. Үйірге басқа айғырды салса, бір түннің ішінде ол да өліп қалады. Бұл жайдың тегін еместігін біліп, ағалы- інілі байлар жылқыға түнгі күзет қойыпты. Жылқышылар кірпік ілмей күзетіп отырса, түн ортасы ауа теңізден бір көкайғыр шығып, өзіне қарсы шапқан сәуірік айғырдың мойынын бұрап өлтіріп, үйірге шабады. Жарық болмай көкайғыр теңізге қайта түсіп, көзден ғайып болады. Бұл оқиғаны естіген ағайынды бай жігіттер үйірге суын айғырдың шапқанын естіп қуанады.

Кейіннен осы үйірдің тұқымы барымтадан бөліске түскенде Тастемір Реушеннің үлесіне тиген буаз биеден бүкір көк құлын туады. Бүкір құлынды нысаналы екен деп Реушен үйірге салған. Сол нысаналы көк айғырдың тұқымы бұрын тек Құла ат болса, енді Алжетті мен Шаттауық секілді қос жүйріктің туғаны да. Уәлі қашан күмәнді сөз айтып көріп еді.

Қасиетті Құла мен Алжеттінің ақыры

Тәңір жазып, Реушен бұл үш жүйріктің талай бәйге алғанын көрген. Тірлігінде жан баласына қимай «түтікпенен су беріп, түндікпенен күн берген» бұл арғымақтардың ақыры не болып еді? Бәйімбет, Байпақ Шопан үлкен жиын беріп, берісі Маңғыстаудың ойынан, әрісі Ойыл мен Қиылдың бойынан кілең ығай-сығайдың бәрі келіп, бәйгеге көп жүйрік қосылды. Жиынның салтанат-даңқын асырып аспандатқысы келген бұл ауыл мерекені алшын мен келшінде ешкім алдын кесіп өте алмайтын, аузының дуасы, сөзінің киесі бар ағайыны Иса Тіленбайұлына басқартыпты. Реушен осы аста өзінің үш жүйрігінің өзге қыдыра жал қыл құйрықтыға бәйге бермейтініне сеніп отыр. Аттар алысқа айдалып, жүйріктердің шаң берер сәтін сарсыла күткен көпшілікке ақыры қарауыл қараған жігіт қатар келе жатқан үш аттың көрінгенін хабарлады.

Бекзат қалпынан бір танбайтын Иса би осы сәтте сабырсыздық танытып:

-Япыр-ай, кімнің аттары болды екен?- деп қалды.

-Бір үйірдің жылқысы еді, бірін-бірі тастамай келе жатқан біздің аттар болар- деді Реушен. Айтса айтқандай бәйгенің алды болып Құла ат, Алжетті, Шаттауық келеді екен. Басқа аттардың қарасы көрінбейді.

-Бұрын соңды бір бәйгеде үш аты қатар байрақ алған ешкім болмап еді.Реушен садақаңды айт!

-Е, мен не деп садақа берем, садақаны аттары қалғандар айтсын!

Туғалы айтқаны артық-ауыс кетіп көрмеген уәлі Реушен сол жолы тілінен жазды, әлде тіл-көз бе? Жұлдыздай ағып келе жатқан Құла аттың тұяғы күзеннің тік ініне кіріп кетіп, толарсағы айрылып құлады. Алжеттінің басы қатты болғасын, Реушен бұл жолы да бәйге баланы емес, үлкен жігітті мінгізіп шаптырған. Аты озып, арқаланып келе жатқан жігіт «Адай Алжеттінің арындаған шабысын армансыз көріп қалсын» деп, аттың басын ірікпей ағытып қоя бергенде, алапат шабысқа шыдамаған қайран жүйрік тоқпан жілігі үзіліп құлады. Қатар шапқан үш жүйріктің ішінен тек Шаттауық қана жебедей зулап мәреден өте берді.

Бәйімбет ауылының сол жолы бас бәйгеге тіккен жүз қой, он қара, бір алтынын алып, Шаттауығын жетелеп, Реушен «Бәйкүшіктегі» ауылына қайтты.Қос жүйрігінің қатар құлағаны көңілін қатты құлазытса да, сол өкініштің орынын Шаттауық толтырып, талай жиында бәйгенің алдын бермеп еді.

Арал бойындағы ас

Аралдың жағасын жайлаған әлімдердің мықтысының бірі Нағашыбай әкесіне ас беретін болып, бәйгеге Шаттауықты қосуға Реушен де жеткен. Көлеңкеге қарап тігілген ақ отаудың төрінде отырып, түрулі тұрған есіктен сыртқа көз салды.

Үстірттен келген кәнігі ат бегі, майлан жары Саламат бай Көкшолақ атын ауылдың алдында қыдыртып жүр екен. Реушеннің кәнігі көзі қалт жібермеді ме, әлде тағы жылқының тілі тұрғай, қимылын түсінер көріпкелдігіне басты ма?

- Па, Мына шіркіндердің болдым, толдым деп жүрісін –ай. Ертең Шаттауықты тартпай-ақ қойыңдар. Тартсаң да, тартпасаң да бірдің соңы. Бәйгені мыналар алам деп жүр ғой! Бұл жолы Саламат та, Көкшолақ та егде тартып қалғанымен өзгеге жол берер түрі жоқ-деді қасындағы қосшыларына.

Қонақ күтіп жүрген үй иесі Реушеннің айтып отырған әңгімесіне таңданып қалды. Оның тегін адам емес екенін біліп, ертеңгі бәйге жайлы айтқанын ауылының ақсақалдарына жеткізуді жөн көрді.

- Үстіне суы төгілген шапан , басына көнетөз тұмақ киген бір адай қосшыларымен біздің үйге түскен. Осылай деп отыр.

- Қонақ адайыңның аты кім екен? Біліп кел және аттарды алысқа айдайтынымызды айтып бар, ертең бәйгеден кімнің аты келерін, алыстан келген адай емес, аспандағы құдай біледі - деді ауыл егесі әлім шал.

Бұл сауалдарына жауап алғысы келген жігітке Реушен оқшырая қарады.

-Атымды ертең білерсің. Аналарыңа айта бар. Атты Орынбордан жіберсең Саламаттың Көкшолағы келер. Бер жағынан жіберсең Шаттауық келер. Ал, Орынбордың ар жағынан жіберсе Бәйімбет Төртқараның Қара аты келер. Қайдан жіберсе онан жіберсін Адайдың үш аты бірінен соң бірі келер!

Реушен уәлінің тағы да айтқаны болып, дегені келді. Сол астағы бәйгеден Саламаттың Көкшолағы бірінші, Шаттауық бірдің соңы, оған ілесе Қара ат келді.

Үстіртің үстін қатар жайлап, бір- бірін құдадай қадірлеген атбегілер Аралдың бойын жайлаған әлімдердің сый сыяпатына қарық болып, елдеріне қайтып еді-ау.

Қыдыр аралаған ұлы қыр

Сол жылы ала жаздай жаңбыр жаумай, қоныстың сәні кетті. Күз түсе шаруаның шырқы қалмай, жұтқа ұшырап қалмас үшін ел Маңғыстаудың ойынан асып, Жаңғаққа құлады. Көшкен жұрттың соңында, елсізденіп қалған Үстіртті қимай Тастемір Реушен мен Олжашы Назар қажының ауылы қалды. Қыс түспей жатып, айдаған малының жайы кете бастағасын Назар қажы Реушенге барып ақылдасты.

--Малға жайылыс жоқ, жер қуаң деп жұрт Маңғыстаудан көшсе көше берсін. Мен ешқайда бармаймын-деді ол.

Бұрынғыдай бас мүжіп, арқаны кеңге салып отыратын күй қайда. Арық тоқтыны сойдырып, ары –бергіні сөз қылғаннан шаруаға келер пайда жоқ. Назар қажы атын суытпай ауылына қайтты. Ойы сан-саққа кетіп, тұяқкесті болып тозған төңірекке қарап, көңілі құлазып келе жатты. Кәрі шың Күйкеннің тұмсығынан бір аттылы кісі келеді екен. Назар қажы бейсәует жүрген кісіні күтіп, амандық саулық алысып, жөн сұрасты, мал-жанның қысқы қамының қиын жайын ойлап налып келе жатқанын жасырмады.

- Осы келе жатқан бағытыңның оң жағына бір көш жерге көшіп қон. Сол жерге қыста. Жағдайың жаман болмас.Мен Баян деген адаммын.

Бейтаныс кісі осылай деп атын тебініп жүре берді. «Әлгі адамның ауылының қайда екенін сұрамаппын-ау...» Назар қажы артына бұрылып қараса, жаңа ғана қасынан жүріп кеткен адам жоқ. Әп-сәтте ғайып болған...

Кездейсоқ кездескен кісі айтып, нұсқап кеткен жерге Назар қажы көшіп қонды. Сол жылғы қыстан төрт түлік малдан тұяқ бермей, аман есен шықты.

Жазғытұрым мал мыңғыра төлдеді. Құдайды шын сүйіп, туған жерін қадірлеген қажыға сол жолы Үстіртті аралап жүрген Қыдыр жолыққан екен. Олжашы Назар қажы содан кейін де бұл қоныстан табан аударған жоқ. Қартайып өмірден өткен күні, тілегі қабыл болып ұлы қырдың үстіндегі шыңыраулы қонысы «Тәңкеге» жерленді. Төрт құлақты сағана там соның айғағы.

Шеркеш Бабаның Құлагері

Бұл Үстірттің үстінде талай бәйге болып, дүлділдердің дүбірі толас таппаған. Соның ішінде аламан бәйгеде арғымақтары өзгеге байрақ бермеген арда жұртты сескендірген Шеркеш Баба деген кісінің Құлагері бір бөлек хикая.

Әлқисса, малға жарлы болса да жүрегінің оты бар, аламан бәйге дегенде ішер асын ұмытар қазаққа тән дерті бар, жүз жылқыға татитын жалғыз жүйрік аты бар Шеркеш Баба Үстірттің үстіне көшіп келді.

-Бұл Адай бәйгеге жүз қой, он қара, бір алтын тігеді. Соны алғанда жарлы боламын ба?

Жүйрік аты мен өзінің атбегілік өнеріне сеніп, бес қанат қараша үйімен сыбай қонған оны адай ауылдары бөтенсіремей қарсы алып, еруліктерін беріп жатты. Күнде бір үйден бағланның басын мүжігеннен басқа уақытта, Баба Құлагерін баптаған. Әне- міне дегенше жүйріктің аяқ алысы сынға түсер күн де келіп жетті. Бәйімбет ауылы ас берді. Бәйімбет Бөлей де белгілі атбегі. Осы жолы ары бір ағайын оның Орбас атты жүйрігінен дәмелі. Бәйгені ошақ басында қалдырмақ. Сол үшін біраздан бері Орбасты балапандай баптаулы.

Айтулы мерекенің нағыз қызған кезі. Ел- жұрт ентелей күткен бәйгеде аттардың алды болып Шеркеш Бабаның Құлагері, одан соң Орбас көрінді. Қарақшыға таяғанда тартушылар Құлагерден Орбастың шылбырын оздырып, бас бәйгені бермейтінін білдірді. Жиналған жұртты әрі –сәрі еткен бұл дау аттарды қайта жарыстырғанда шешілетін болып, пәтуа жасалды.

-Қане, шеркеш, бас бәйгеден дәмең болса атыңды қайта қос!

Қойдың жұмыршағына сабын езіп көрсетіп тұрып, ауылдың тентек жігіттері осылай сес көрсетті.

Хас жүйрігінің амандығын ойлаған Баба амалсыз бірдің соңына келіспеске шарасы қалмады. Қойдың жұмыршағына езілген сабын бәйге аттың қолтығына жағылса, ол қайта келеге келмейді дей бер. Тентек пен теліден бәрі шығар. Бәлесінен аулақ. Бәйгенің бас аяғы бұл емес. Құлагер аман болса талай қылқұйрықтыны шаң қаптырып, талай атсейісті тәубасына түсірер, әлі. Есесін жіберіп алған Шеркеш Баба өзін осылайша жұбатқан.

Жоғары адай жер аяғы кеңігесін жылдағы әдетінше жаз жайлауы Жем, Сағыздың бойына көшті. «Топырақ шашты-Наршөккенде» атақты Тіней Жұбанбайдың ағасы Қалниязға ас берілетін болып сауын айтылды. Бұл жиынға Баба жаңадан тіккен алтықанат үйімен Құлагерімен барды. Текеге дейін атағы кеткен Тіней ауылының бұл асына ат жетер жердің бәрінен небір атсейістер баптаған жүйріктерін әкеліпті. Солардың бәрінің көңілін күпті қылған Шеркештің Құлагері. Бұл жолы ерен жүйрік бас бәйгені алмай қоймасы хақ. Адай атбегілері ақылдаса келіп, көздерінің сұғы бар, тілдері өткір екі адамды жүйрікті көріп келуге жұмсады. Олар Келімберді жағынан Олжашы Назар, Құдайкеден Тіней Мүсір еді. Қос сыншыны Шеркеш Баба жақтырмай қабылдады. Құла атты ақ жабумен тұмшалап алты қанат үйге кіргізіп қойыпты. Атбегі адайлар қымтаулы тұрған жүйріктің бар болғаны төрт тұяғын көріп, кері қайтты.

-Жүйріктің жайы қалай екен? Көрдіңдер ме?

-Төрт тұяғынан басқа еш жерін көре алмадық. Жануардың тұяқ бітісі зергер соққан алтын айшықтан да бетер екен, жерді баспай, ұшуға жаралғандай. Жылқы біткенге бәйге бермеймін деп тұр...

Олжашы Назар да, Тіней Мүсір де бір-бірін қоштап осылай десті.

Ертесіне бәйгеге қосылатын аттар алысқа айдалды. Алайда бұл жүйріктердің санатында Бабаның Құлагері жоқ еді.Қайран жүйріктің төрт тұяғы қорғасындай балқып кеткен. Бәйге аттарына қосуға келмей, алты қанат ақ боз үйден аттап басып шыға алмай қалды. Шеркеш Баба кірпік қақпай күзетіп, пәле-жаладан канша қорғап бақса да, жүйрік аттың төрт тұяғы аяқ астынан кеселге тап болыпты. Дүбірге елеңдеп, дегбірі таусыла ұмтылғанымен тұра алмай тұралап қалған қайран дүлдүлді арбаға тиеп, тағдырына лағнет айтып Баба ауылына қайтып келе жатты.

Адайлар бұл жүйрікке Ақан серінің Құлагеріне қастық қылған Батыраш құсап балта сілтемеген, ерен дүлділге найзадан да өткір көздің сұғы тиіп, қылыштан да кескір тіл тиген еді. Айналасын асып туған асылдығымен сескендіріп тастаған бұл жүйрікті тінейлер жағы «біз аттық», олжашылар жағы «біз аттық» деп біразға дейін әңгімеге арқау болды. Бір жаманы сол дау әлі күнге ұмытылмай жалғасып келеді.

Эпилог орнына

Кейуана Күйкеннің көкірегінде жатқан телегей теңіз сырдың бір мысқалы осындай. Шым-шымдап тартып көріп, түйсіне білсең бір сәт таңдайың бал татығандай, тіршіліктің таңғажайыптарына таң тамаша қаласың. Бір сәт көкейіңе мұң толып, көзіңе жас аларсың. Маңғаз жатқан маң даладан, мәрт мінезді бабалардың басқан ізін қарайсың. Пірлік пенен пенделіктің жер мен көктей арасын, сол іздерден табасың...

Бұл Үстірттің баяны көп жазатын.

Айнахан Есет,

«Маңғыстау»

2 комментария:

Unknown комментирует...

айсагали ага устирт балладасында ана мен сабиди куннен алган асеринизди оте тамаша багалапсыз сизге деген курмет деп томендеги шумактарды сизге тарту етилген акбозат деп кабыл алыныз танды балап сабидинжанарына шыгыстан орын бердин багалына сол беттен самал жел сезилгендей талпына жан жагына караганда сергелденнен уриккендей болды саби жер ананын тилигине тандангандай шыркау кокке ормелеумен болды сол сат анадан ол да сабак ала алгандай шыгыс ана киндигин кесип сабиинин алтындап айдарлады есим берди адамзат нурына онын карык болып есимин онын бул кез кун деп билди бес уакыт намазга ол багыт берип кешкисин куйке тауын тасалайды карт ана жер асты жатсадагы сабиинин ертени оны мазалайды шумакта болмаса сапа кешириниз кандай сиздин келеси шешиминиз онер гой бул килти сиздин колынызда болмасын окпе болып жатса ошириниз

Unknown комментирует...

айсагали ага устирт балладасында ана мен сабиди куннен алган асеринизди оте тамаша багалапсыз сизге деген курмет деп томендеги шумактарды сизге тарту етилген акбозат деп кабыл алыныз танды балап сабидинжанарына шыгыстан орын бердин багалына сол беттен самал жел сезилгендей талпына жан жагына караганда сергелденнен уриккендей болды саби жер ананын тилигине тандангандай шыркау кокке ормелеумен болды сол сат анадан ол да сабак ала алгандай шыгыс ана киндигин кесип сабиинин алтындап айдарлады есим берди адамзат нурына онын карык болып есимин онын бул кез кун деп билди бес уакыт намазга ол багыт берип кешкисин куйке тауын тасалайды карт ана жер асты жатсадагы сабиинин ертени оны мазалайды шумакта болмаса сапа кешириниз кандай сиздин келеси шешиминиз онер гой бул килти сиздин колынызда болмасын окпе болып жатса ошириниз