Beket ata

Beket ata
Aisaghali

вторник, 13 ноября 2007 г.

Әбіш Кекілбаевтың Отпан тау тарихи-мәдени кешенінің ашылуында сөйлеген сөзі

Біздің халқымызда сөз бар. «Кəрімен жолыққан кезде-тауға бар» деген. Өйткені биікке шыққан адамның жанары тек кеңістіктің ғана шартарабын көріп қоймайды, өзі өмір сүріп келе жатқан тіршіліктің арғы-бергісін көретін уақыт мінберінен де көз салады. Осы тұрған Отпан тау күнде көріп жүрген, жоқ қарап келетін шоқы сияқты болып сезілгенмен, бұл адамзаттың санасына мың жылдап орныққан атақты биіктердің бірі. Өздеріңіз білесіздер, арғы-бергі жөнінде айтылатын сөз көп. Ауызекісін былай қойғанда хатқа түскеннің өзі, ертедегі адамзаттың ең бір теріскей

қонысы Евразияның ең ежелгі мекендерін жайлап жатқанымызды куəландырады.

Өйткені, бір кезде Александр Македонский ұлы жорығын бастардың алдында өзінен бұрын осы тараптарға ат ізін салған Кир мен Дарий патшаның барлаушыларынан қалған мағлұматтарға қанағаттанбай, өз бетімен де шолу жасаған. Тұранды алғаннан кейін ұстазы Аристотельге, шешесі Олимпиадаға

хат жазған. « Мен теріскейдің суық мұхитына дейін жеттім. Ол беттегілерді таптап кетуі мүмкін багоктер мен гоктарды батыста Репей мен Қаптың, шығыста Мəру мен Сияқкуктің қуысына тықтым», деп мақтанған. Сол рапорттардың ішінде айтылатын Сияқкук – мынау жатқан Отпан тау! Бір кездегі атақты Бируни, оның бері жағында осы өлкені талай көріп қайтқан араб пен парсылардың Фадлан ибн Батути, Калашили тағысын тағы көптеген зерттеушілердің кітаптарында анық жазылған. Сияқкук дегенҚаратау деген сөз. Қазақтың жерінде тау көп, су көп. Бірақ біздің барлық бабаларымыз тау мен судың атын атап, түсін түстеп жатпастан, бəріне тау, су деген сөз қойған. Жерді жарып ағатын жарма өзенді Ертіс, жердің бетін жыртпай ағатын өзенді-Есіл, жан-жағына жайылып, шалғын шашып ағатын өзенді Жайық, Жазық деп атаған. Ендеп, сағаға құятын үлкен дарияларды Еділ деп атаған. Тыныш аққан өзенді Тыныс деп атаған. Тұнық аққан өзенді Дунай деп атаған. Біз көзіміз көрген Евразияның жазығында ат қойған ата-баба біреу, қойған

аттары ұқсас. Бəрі де судан шыққан, таудан шыққан. Мынау біздің жағамызда жатқан таудың бəрі, басына қар түссе-Алатау, қар түспесе-Қаратау. Қаратаумен жақпарлас жататын тауларды Ақтау, Бауыртау, Қызылтау деп атай берген. Мінеки, сол атақты Сияқкуктің осы Маңғыстауға бұйырған екі пұшпағында екі үлкен кіндік, биік бар. Біреуі Қаратаудың шығыс жағындағы Бесшоқы, ал, бірі – Отпан. Отпанның жолының бөлек болатыны осы елді мекендеген, осы жерден кеткен жеті жұрттың жетеуінің де көп орныққан ортасына, тарихи ядросына орналасқан биік. Осы жерден кеткен 7 жұрттың жетеуі де осы тауды сағынып көріп, жылап кеткен.

Соның ішінде алғаш рет ешқайда кетпей де, көшпей де, мұның баянды тұраққа, баянды елдікке жеткізген дəуренін көріп тұрған бірінші ұрпақ – біздер. Бізге бұл баянды тарих-оңай бұйырған жоқ. Осы биікке шығып тұрып, жан-жаққа көз салсаңыздар, біз бен сіздің тура жанымызда, аты ұмытылмаған, қаны бойымыздан

суымаған бабалардың ізі əлі сайрап жатыр. Отпан таудың күн батыс бетінде баяғы Иса-Досанның, отаршыл үкіметтің əскери күшін жойып жіберетін жері – атақты Үшауыз тұр. Мынау жатқан қара жолдың бойынан осы түбектен бір кезде біздің ата-бабаларымызды түгел қуып шықпақ болған əскери экспансияның экспедициялары өткен. Мына жатқан ұлы жолдың бойымен бір кезде 1870 жылы 1 мамыр күні граф Кутаисов, Кавказдағы патшаның наместнигі Михаил Романовтың арнайы жұмсауымен келіп, Маңғыстауға 7 қатар жаяу əскер, 6 рота əскерилер, атты артиллерия жəне бірнешелеген артиллериялық взводтарды жетектеп, ұлы даладағы көтерілісшілерді қырып-жою үшін жорыққа шыққан. Олар дəл осы биікке, 7-ші, 8-ші мамыр күні жетіп, 9 мамырда ешбір жерден адам таппай, барлық елдің Арқаға, Шығысқа, Хорезмге, Жаңғақтың ойына қашып кеткенін көріп, ел таба алмай

келгенде, мына тұрған Бекінің құдығының басында, өздеріміздің қадірлі аталарымыз Төлептің баласы Мəмбетнияздың, Досжанның баласы Есіркептің, Қаражігіттің баласы Қапардың ауылын тауып, үшеуін Құнансуға айдап келуге бұйрық берген. Сол кезде біздің ақсақалдарымыз үш күн мұрсат сұрап, өзіміз барамыз деп қалып қойған. Олар қайтадан кері Құнансуға барып, күтіп жатқан. Мамырдың 18-не дейін күткен, 18-не дейін ешкім келмегеннен соң, «Бұл адайлар

бізді жер соқтырып, Үстірттің үстіне шығып кеткен көтерілісшілерге қосылып кетті. Ең соңғы жұрнақтарынан айырылып қалдық», деп патшаға рапорт берген. Нəтижесінде кавказ əскерін басқаратын граф Мельниковтың өзі келген. Сөйтіп, маусым айында, осы жерде, қашып-пысып жүрген 34 ауылдың басшыларын тауып, Құнансудың басында жиналыс ашқан. Ал, 23 маусым күні, Адай аймағы түгел бағындырылды. Тірі қалғандары бұл аймақтан алысқа кетті. Қалған елге осы көтерілісте үкіметке көрсеткен зияндардың бəріне контрибуция төлейді деген қаулы шығарып, осы аймақтың басшылығы ретінде Дағыстанның Мақашқаласынан Арфеленский деген қадиды найб етіп алып келген. Сол күзде жəне оның орнына Гусейнов қожа деген найб келеді. Сөйтіп, олар біржолата түбекті бізден босатуға, бұдан былай бұл жер қазақтың мекені болмауға əрекет етіп, жоспар құрған. Бірақ біздің қайсар ата-бабаларымыз Ақтау, Қаратаудың қуыс-қуысын жайлай жүріп, күресіп, бұл түбекті ешбір жауға бермеген. Қайтадан қарулы көтерілістер басталып, қазіргі Жемнің Атырауға құятын сағасында полковник Сабанчеевтің, оның аржағындағы Сам, Асмантай, Матайдың жерінде полковник Бойковтің əскерлері адай ауылдарын қырып, шабады. Ол туралы жазған күнделіктері осы кезге дейін сақтаулы.

Бұл құтты қоныс, қазыналы түбек, бүкіл адамзаттың көзін қызықтырған алтын сақа – оңайлықпен тұрақтап қалған жоқ. Біздің ата-бабамыз бұл жер үшін, бергі тарихтың өзінде 3 ғасырдан астам табандылықпен күресті. Маңғыстаудың қазынасына қызығу, Маңғыстаудың байтақ жазирасына қызығу, оған оңнан-солдан көз аларту күні кешеге дейін жалғасты. Күні кешегі Маңғыстаудың мұнайы мен газы ашылған кезде, Маңғыстау түбегі қайсы республикаға қарау керек деген дау, қайта құру дəуіріне дейін жеткенін өздеріңіз білесіздер. Мінеки, осының барлығына үлкен төзімділікпен, жасампаздық жігермен, күрескерлікпен, тарихи санамен, ата-бабаның əруағының алдындағы адалдықпен бүгінге жеткізген біздің аға ұрпақтарымыз, баба ұрпақтарымыз. Иншалла, олардың жандары жəннатта болсын!

Бұл таудың басына біздің халқымыздың қуанып, шаттықпен көтерілген заманы болыпты дегенді мен ешуақытта естіген жоқпын. Бұл тауға, халықтың басына қауіп

төнгенде, елдің шетіне жау тиген кезде Ұран отын жағуға жиналған. Кейін тіпті ол

мүмкіндіктен де айырылып қалған. Жаңағы мен айтып тұрған 1871 жылы маусым айының ішінде осы жерге атақты Ломакин деген патшаның əскербасшысы келген. Қазақтың 200 ру басшысын жан-жақтан əскермен қудырып жүріп алып келген. Сөйтіп, Отпан таудың басына шығу – олар үшін бүкіл Маңғыстауды бағындырумен пара-пар ұғым болып саналған. Осы жерден шығып, анна тұрған Бесоқтыға барып, опорный пункт құрып, онда майор Наврацкийді тастап, одан кейін Соболевке жүктеп, Мəлік пен Боғданың құдығынан бастап, бейбіт жатқан адай ауылдарының түйелерін, жылқыларын, жігіттерін, артқан жүктеріне дейін тонап, алда болатын Хиуа жорығына əзірленген. Сол кезде бұл далада қайтадан, ұлт-азаттық көтерілістерінің екінші кезеңі басталған. Оны басқарған Ермембет Туровтың қол

бастаған жері осы жерден алыс емес, əудем жерде. Соған жете алмай жолда жазалаушы отрядтардың қолынан Самалық, Томпиевтың сарбаздары осы төңіректе

қырғынға ұшыраған. Мінеки, бұл тарих, біз үшін жалпы тарих емес, нақты өзіміздің өмірбаянымыз, əрқайсымыздың жүрегімізде жатқан жарамыз. Ендеше, бүгінгі қуаныш, осы тұрған əрқайсымыздың қуанышымыз, əр шаңырақтың жеке қуанышы!

Мұндай күннің осыншама батырлар өмір сүрген бірнеше ғасырлардың ішінде болмай, бүкіл қазаққа тəуелсіздік келіп, бүкіл қазаққа ортақ азаттық келген қазіргі күндерге тап болуы тегіннен-тегін емес. Ол – тарихи заңдылық. Өйткені, қазақтардың жайлап жатқан мекені – бүкіл Евразияның кіндік төрі. Жан-жақтан,

шығыс, батыс, оңтүстіктен, теріскейден де бұған сұқтанған көздер аз емес. Сондықтан, жалпы, қазақ халқы бақташы халық емес, өзінің осы ұлан-байтақ жерін қорғап жүрген шекарашы, сақшы халық. Біз сол санаттамыз. Біз жаттың жеріне қызыққан емеспіз. Адай аламаншы, ұры-қары болды, ананың малын, мынаның керуенін тонапты дегеннің барлығы, осы ұлы далаға жаңағыдай экспансия бастау үшін таратылған лақап сөздер. Тарих беттерінде қалып қойған, күңгірт жақтар. Мұны, отарлаушылардың өздері жазып кеткен жəне басқа құжаттары дəлелдеп,

жоққа шығарып жатыр. Сондықтан біз, ата-бабамыз үшін ешнəрседен қысылып-

қымтырылмаймыз. Қалған жұрттың алдында кісімсімейміз. Өзіміз үшін де ештемеден ұялмаймыз. Біз – Алтайдағы, Орбұлақтағы батырлардың, Оңтүстік Қазақстандағы Аңырақай төсіндегі қан төккен батырлардың, Сарыарқаның сан қиырында, Жайықтың бойында қан төккен батырлардың, Еділдің бойын ендеп соғысқан ерлердің есімдерін қалай ұмытпасақ, солардың санатында күні кешеге дейін елі үшін, қазақтың бостандығы үшін, қазақтың болашақ ұрпағының игілігі

үшін қан төккен өз ата-бабаларымызды да ұмытып жүре алмаймыз. Олардың əрқайсысы атын атап, түсін түстеуге лайық жандар. Бірақ олардың саны өте көп. Олар жөнінде ақиқаттар əлі анықтала түседі. Осы ұлан-асыр, ұланғайыр ерліктің, отаншылдықтың, тарихтың алтын арқауындай болатын бір тағдыры, осы елді

3 ғасыр бойы, табан аудармай, қорғап келе жатқан байырғы халықтың түп атасы, түпкі алтын тамыры-Адай ата!

Адай ата қазіргі қазақ халқын толықтырған 62 алтын баулы атамыздың қайласы сияқты. Бүкіл алаштың, бүкіл қазақтың құрметіне татитын, оған еңбегін, қанымен, жанымен, артында қалған ұрпағымен, ұрпағы ие болған өлкемен, ұрпағы баққан қазынамен дəлелдеп кеткен атақты Қаһарман. Осы алтын аруақтардың атын, абыройын қорғаштау, біз сияқты ұрпаққа бұйырған. Біз баяғы бабаларымыз тəрізді «Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғамаймыз, ендігі жерде қазақтың намысын, қазақтың жерінің тұтастығын парасат-пайым, береке-бірлігіміз, бейбіт жарыста бəріне төтеп бере алатын бəсекешілдігіміз, білімімізбен, сабырлылық,

кісілігімізбен, іштегі ынтымақтастық, сырттағы ықпалдастығымызбен дəлелдей

аламыз.

Бүгіннен бастап, біз үшін қанын төккен, терін төккен, ата-бабаларға: еліміз, жеріміз үшін сағынтып келген тəуелсіздікті мəңгілік ету үшін Сіздер қалай жан алысып, жан беріссеңіздер, біз де солай қалтқысыз күресуге дайынбыз, сіздер өз замандарыңызға қандай сəйкес, лайықты əрекет ете алсаңыздар, біздер өз заманымызға лайықты еңбегімізді жасампаздықпен дəлелдей аламыз деп сендіреміз. Ата-бабаға осы үшін ант береміз. Қысқасы, қиындықпен келген

тəуелсіздіктің басына енді қайтып қиындық түспеуі үшін тарихтың алдындағы, аруақтың алдындағы барлық жауапкершілікті осы бүгін тірі жүрген ұрпақ өз мойнына алуы керек. Бұл жерде сен биліксің, мен халықпын, сен үлкенсің, мен кішімін деп шалқайыспау керек. Бəріміз бір шаруаның басы-қасында табылып, күні кеше ғана халықтың ішінен шыққан зиялы қауымның өкілдері бастап, бүкіл əлеумет болып қостаған үлкен іске, биліктің өзі иіліп, қолғабыс беріп, осы қуаныштың бас шашуын шашушы болып, жиылып тұрғаны жанды қуантады. Мен осы игілікті үлкен істің бастамашысы болған азаматтардың барлығына, сол бастаманы қолдаған қалың əлеуметке рахмет айтамын! Халықтың көкірегінен шыққан ыстық бастаманың ыссы табын суытпай, өнікті іс қылып, жас ұрпақты

отаншылдыққа, жасампаздыққа тəрбиелейтін ұлы айбар, ұлы қуаты қылып пайдалануға еңбек еткен билік орындарына, оның ішінде Маңғыстау облысының əкімдігіне, менің құрметті інім, замандасым Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа рахмет айтамын!

Қысқасы, Маңғыстаудың Қазақстан экономикасына қосатын үлес-салмағы қандай

мол болса, осында тұрып жатқан қазіргі халықтың Қазақстанның болашағы үшін, егемендік, тəуелсіздігіміздің тағдыры үшін жауапкершілігі де сондай зор екенін ұмытпайық.

Баршаңызға амандық тілеймін, сау-саламат болыңыздар!

3 комментария:

KlinikBahasa комментирует...

Nice blog
please visit
http://www.myxango.com.sg/singapore/
thank you

Анонимный комментирует...

Тегін қазақша рефераттар, курстық, дипломдық жұмыстар http://free.ucoz.kz/

smskazakhstan комментирует...

http://smskazakhstan.com/ – Қазақша рефераттар, курстық, дипломдық жұмыстар